Еліктеуді қояйық, ұждан бар ма өзіңде,
Мойын бұрар кез келді сайрайтын өз тіліңде.
Бодандығың жетпей ме кеңес дәуірі кезінде,
Егеменді ел болдық, жалтақтама ешкімге?!
Бір-біріңмен кездессең сөйлес ана тіліңде,
Жүрген жерде, көшеде және де өз үйіңде.
Балаңа бер жасынан алсын сенен тәрбие,
Алып өссін жас ұрпақ үлкендерден өнеге.
Балабақша, мектепте сөйлейікші қазақша,
Төселеді тілдері жас бөбектің тек сонда.
Қоғам болып күресіп алу керек тез қолға,
Ең бірінші бастасын бұл игі істі ата-ана.
Өзің мәңгүрт болдың ба, қателікті мойында,
Бөгет болма ұрпақтың дара түскен жолында.
Өркендету төл тілді – болсын сенің ойыңда,
Жалпы қоғам кіріссе - көпшіліктің қолында!
Өз тілінен жеріген ұлт бар екен қай елде,
Ол жағынан тек бізбіз жалғыз ғана әлемде.
Тілің кетсе жойылып масқара бұл емес пе,
Тарихта қаласың қарабет боп күлкіге.
Шырылдаған торғайдай тілім жайлы мәселе,
Ой тастадым ортаға кеш емес-ау әлі де.
Әрбір қазақ түсініп сөйлессінші үйінде,
Ақ сүтпен берілген өз анасы тілінде.
ҚАЗАҒЫМ
Cәділла Таңатаров
Бағыты: Көркем әдебиет
Жазбаның тілі: Қазақ тілінде
Жазбаның электрондық нұсқасы:
Қой аузынан шөп алмас момын халық,
Қазақты алалама бөліп-жарып.
Ақжүрек, аңғал менің қазағымды,
Келімсек талайлар жүр пайдаланып.
Бір үзім наны болса бөліп жеген,
Қызғаныш ойында жоқ, таза мүлдем.
Түрі мен тілі бөлек өзгелермен,
Мейлінше тату-тәтті өмір сүрген.
Пейілі ұлан байтақ жеріміздей,
Ешкімнің жолын кесіп бөгемеген.
Қонақжай, жомарт жүрек, жаны жайсаң,
Қолынан келгенінше көмек еткен.
Көңілін өзгелердің аулап дайым,
Ісі жоқ ешқашан да өзіменен.
«Қанағат қарын тойса болар» деген,
Жүреді адал ниет, пәк сезімменен.
Шашады қолда барды оң мен солға,
Күтеді қарызданып құда-анда.
«Жаратқан, берер жағын байлама!» деп
Жабырқаусыз көңілі түспейд орта.
Кей ісі жарамайды-ау сүйінуге,
Мақсаты – көріну тек дүйім елге.
Ертеңгі күй-жайымен жұмысың жоқ,
Құмар тек жақсы атқа ілінуге.
Тәңірдің тапсырады бір өзіне,
Садаға кетейінші пейіліне.
«Бұдан жаман күнімде тойға барғам»,-
Деп риза болады өзі өзіне.
Үмітті үзбей жүрер ешқашан да,
Тапсырып барлық істі бір Аллаға.
Қазақтай ұлт жоқ, сірә, жер шарында,
Көнетін тек Алланың жазғанына.
«Бөлінгенді бөрі жер» деген халық,
Ешқашан бір-біріңді бөлме жарып.
Жалғызым деп бағала бір-біріңді,
Бауырға бас сен оны құшақ ашып.
Қазағым пейілі кең, жомарт халық,
Ісіне мінезі сай атқа лайық.
Жүрсін деп қазақ халқын әлем танып,
Тілеймін Жаратқаннан қолды жайып.
Сәділла ТАҢАТАРОВ,
қарт ақын, Алматы қаласы.
Көңіл
Cәділла Таңатаров
Бағыты: Көркем әдебиет
Жазбаның тілі: Қазақ тілінде
Жазбаның электрондық нұсқасы:
Төрт күндік мына жалған дүниеде,
Қонақсың, бауырларым, соны ойлан.
Сөйлеспей, кездескенде тіл қатыспай,
Жүргенін көріп жүрміз талай адам.
Айтылған ауыр сөз жоқ қалар көңіл,
Сұрасаң мәні-жайын, себептерін...
«Біреуден өсек сөзді есітіп едім,
Сондықтан көңілім қалды» дегендерін.
Сыйласып мына дүние, кең заманда,
Жүруге айтыңдаршы болмайды ма?
Барамыз ойлап көрсең, бауырларым,
Мәңгілік сөйлеспейтін мекен-жайға.
Одан да болар-болмас жіпке тізбей,
Өсек сөз, өтірікке құлақ салма.
Тату боп көрші-қолаң, ағайынмен,
Бір-біріңнің сыйласып көңілін аула.
«Қонақпыз мына жалған дүниеде»,
Әрбірің деп ойлаңыз бір-біріңе.
Жатармыз тіл қатуға мұрша келмей,
Қара жер, тас қараңғы суық үйде.
Болған жөн білмегенді кешіргенің,
Сауап алар кім берсе сәлем бұрын.
Ал сонда Алла Тағала риза болып,
Төгеді деген сөз бар сәуле, нұрын.
Не керек теріс ой мен ашу-ыза,
Тұрғанда тура жолды қазір таңда.
Мүмкіндік әлі де бар қолымызда,
Бауырлар, келешекті бүгін ойла.
Бір кісі қайтып егер татуласса,
Өзгеріп түсер мүмкін тура жолға.
Деген ой-тұжырыммен тербедім мен,
Ойланып қағаз, қалам алып қолға.
Көңіл деген шыныдай нәзік нәрсе,
Шытынар шыныдайын сызат түссе.
Сондықтан сәл нарсені сылтау етіп,
Жөн болмас инеге жіп тізе берсе.
Тастадым ортаға ой көпшілікке,
Тату бол ағайынмен, көршімен де.
Қызығы мынау жалған дүниенің,
Бауырлар, ойланайық сол емес пе!?