Зерттеуші Аян Төлегенұлының бұл ғылыми еңбегі бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетін жете зерделеуге арнаған ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Белгібай Шалабайұлы Шалабаевтың ғылыми сын, әдеби мұрасын қазіргі тәуелсіздік талаптары биігінен қарап, бағалауға арналған. Әдебиет сынын, фольклорын, қазақ прозасының тууы мен қалыптасу тарихын (оның ішінде қазақ романы жанрындағы сюжет және характер, типология және поэтика, дәстүр және жаңашылдық мәселелері), абайтану, сұлтанмахмұттану, көркем аударма мәселелерін зерттеген ғалым еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ әдебиеті сынының тарихы, фольклортану, салыстырмалы әдебиеттану ғылымдарымен тығыз байланыста қарастырылған. Қазақ әдебиеттану ғылымына елеулі үлес қосқан білікті сыншы, талантты әдебиетші Б.Шалабаевтың ұлт әдебиетіне сіңірген еңбектері тың көзқарас, парасатты пайым тұрғысынан ой сүзгіден өтіп, іргелі ізденісіне, ғылыми ой-тұжырымдарына, дәйекті-деректі пікірлеріне кең орын берілген.
Ұсынылып отырған монографияда әдебиетші ғалымның ғылыми-ғұмырнамалық биобиблиографиялық көрсеткіші де қоса берілген. Б.Шалабаевтың өмірі мен ғылыми-шығармашылығын арқау ете отырып, оның еңбектері сараланады, зерттеулер мен естеліктерінің хронологиялық көрсеткіші және өмірі мен еңбектері туралы әдебиеттер тізімі енгізілген. Көрсеткіштегі материалдар хронологиялық ретпен әр жылға сәйкес жүйеленген. Өмірбаяндық библиография негізінен қазақ және орыс тілдеріндегі деректердің басын құрағандықтан да, екі бөлімге топтастырылып отыр.
Монографияны жоғары оқу орындары филология, журналистика факультеттерінде арнаулы курстарды оқыту барысында пайдалануға болады. Сондай-ақ кітап әдебиетіміздің жанашырларына, ғылыми қызметкерлерге, кітапханашылар мен көпшілік оқырман қауымға арналған.
1982 жылы Ақмола облысы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Әдебиеттанушы-ғалым. 1999 жылы Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебін, 2004 жылы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих-филология факультетін бітірген. 2004–2007 жылдары аталмыш оқу орнының қазақ әдебиеті және шетел әдебиеті кафедрасының аспирантурасында оқыды. 2010 жылы «Белгібай Шалабаевтың ғылыми-сын, әдеби аударма еңбектері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2011 жылғы 31 наурыздағы шешімімен филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.
2007–2008 жылдары аралығында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің қоғамдық-саяси апталығы «Сақшы – На страже» газетінің аға тілшісі және оған қосымша ҚР ІІМ-нің айлығы «Казахстанская полиция» журналында меншікті тілшісі.
2008–2011 жылдары аралығында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетінің «Қазақ филологиясы» және «Орыс филологиясы» кафедраларының аға оқытушысы.
2011–2016 жылдары аралығында «Көкше» академиясының гуманитарлық-педагогикалық факультетінің «Қазақ филологиясы және шет тілдері» кафедрасының доценті міндетін атқарушысы.
2016–2021 жылдары аралығында Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынының «Тіл және әдебиет» кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарып келді.
2022 жылдан КЕАҚ «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің» Педагогикалық институтының «Әлеуметтік және жас ерекшелік педагогикасы» кафедрасының ассистент-профессоры
Ғылыми атағы: филология ғылымдарының кандидаты; Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының Жалпы жиналысының 2018 жылғы 12 мамырдағы шешімімен (№5 хаттама) Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды (КМ №0139).